Физикалық жаттығулар ұйқы қанбауының жағымсыз салдарын азайтады

Еуропалық профилактикалық кардиология журналында жарияланған жаңа зерттеуде Қытай ғалымдары жаттығулар мен дұрыс ұйқының мезгілсіз өлім қаупіне ықпалын тексеріпті.

«Зерттеуден белсенді жаттығулар қысқа немесе ұзақ ұйқыға байланысты өлім қаупін төмендететіні анықталды», — деп мәлімдеді зерттеу авторы, Гуанжоу медицина университетінің докторы Цзихуэй Чжан.

Ғалымдар бұл зерттеуінде 2013 жылдан 2015 жылға дейін бір апта бойы Британдық биобанктен акселерометрі бар білезік таққан 40 пен 73 жас аралығындағы 92 221 адамның нәтижелерін талдаған. Бағдарламаға қатысушылардың 73,2%-ында тәулігіне 6-8 сағат ішінде қалыпты ұйқы ұзақтығы болған. Бақылауға алынғандардың 19,7%-ы 8 сағаттан астам ұйықтаған, ал 7,1%-ында ұйқысыздық болған. Қатысушылардың 33,4%-ында дене жаттығуларының жетіспеушілігі байқалыпты.

Зерттеушілер дене жаттығуын жасамайтындар арасында ұйқының жетіспеушілігіне немесе артық болуына байланысты барлық себептен болатын өлім қаупі сәйкесінше 16% және 37%-ға артқанын мәлімдеді. Дене жаттығу деңгейі орташа деп бағаланғандар арасында бір ғана ұйқы жетіспеушілігінің теріс әсері өлім қаупін 41%-ға арттырған. Орташа жүктеме мен ұйқы сағаттары артық қатысушылар арасында өлім қаупінің жоғарылауы байқалмапты. Ал дене жаттығуын қарқынды жасайтындарда ұйқының ұзақтығы өлім қаупімен байланысты болмаған.

Сонымен қатар, физикалық белсенділігі төмен және ұйқының жетіспеушілігі бар қатысушылар арасында жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім қаупі 69%-ға өскен, бірақ физикалық белсенділік орташа немесе жоғары деңгейге шықса, бұл қауіп жойылыпты. Ұйқысы көп және физикалық белсенділігі төмен адамдарда қатерлі ісіктен өлім қаупі 21%-ға өскен, бірақ жаттығу деңгейі жоғарылаған сайын бұл қауіп те жойылған.

«Қытай ғалымдарының зерттеуі дене шынықтыру мен ұйқы ұзақтығы өлім қаупімен тығыз байланысты екенін растап отыр. Сондықтан физикалық белсенділік нашар ұйқының жағымсыз әсерін азайтуға қабілетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аптасына 150 минут орташа физикалық белсенділікті немесе 75 минут қарқынды физикалық белсенділікті ұстануды ұсынады. Адамның өзі ұстанатын және басқаратын салауатты өмір салты мен салауатты әдеттер ғана ұзақ және сапалы өмір сүруге мүмкіндік береді», — дейді қазақстандық сарапшы Сағат Алтынбеков, дәрігер-нарколог, С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры, «Психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін мамандар қауымдастығы» РҚБ президенті.

Сарапшы алкоголь, темекі шегу және дұрыс тамақтанбау сияқты жаман әдеттер де ауыр аурулардың қаупін арттыратынын атап өтті. Жағымсыз әдеттерден бас тартуға әлі дайын емес адамдарға сарапшы зиянды азайту тұжырымдамасын қолдануды ұсынады. Бұл тұжырымдама зияны аз баламаларға біртіндеп көшуді білдіреді: күшті алкогольден алкогольсіз сусындарға, дәстүрлі темекіден түтінсіз құрылғыларға, майлы тағамнан сау тағамға.