Франция–Қазақстан академиялық диалогы жаңа деңгейге көтерілді: Inalco көктемгі мектебі қорытындыланды

Алматы, Бішкек қалалары мен Ыстықкөл жағасында өткен Халықаралық қатынастар бойынша көктемгі мектеп өз жұмысын сәтті жалғастырып келеді. Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институты (Inalco) бастамашы болған бұл жоба Франция мен Қазақстан арасындағы академиялық және сараптамалық ықпалдастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Көктемгі мектеп аясында «Халықаралық қатынастар» және LLCER бағдарламалары бойынша білім алып жүрген 15 магистрант Орталық Азия өңірінің өзекті мәселелерін терең зерделеуге мүмкіндік алды. Бағдарлама теория мен практиканы ұштастыра отырып, қатысушыларға аймақтың геосаяси динамикасын, энергетикалық және экологиялық трансформация үдерістерін, сондай-ақ әлеуметтік және технологиялық өзгерістерді кешенді түрде талдауға жол ашты.

Оқу модульдері өңірлік сарапшылармен кездесулермен, мәдени сапарлармен және далалық зерттеулермен толықтырылды. Бұл тәсіл студенттердің тек академиялық білімін ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия елдерінің тарихи-мәдени контекстін терең түсінуіне ықпал етті. Жобаға ғылыми жетекшілік еткен профессорлар Катрин Пужоль мен Себастьян Коллен бағдарламаның мазмұндық сапасына ерекше мән берілгенін атап өтті.

Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты 2025–2028 жылдарға арналған стипендиялық бастама. Ол жыл сайын бір студентке Қазақстанда бір семестр оқып, қазақ тілін терең меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл қадам қазақ тілінің халықаралық академиялық кеңістіктегі орнын нығайтып, өңір бойынша жаңа буын сарапшыларын даярлауға бағытталған.

Жоба кең ауқымды серіктестік негізінде жүзеге асырылды. Ұйымдастырушылар қатарында Inalco мен Inalco қоры болса, атқарушы серіктестер ретінде Францияның Орталық Азияны зерттеу институты (IFEAC) және Сорбонна-Қазақстан институты қатысты. Сонымен қатар Қазақстан мен Франция елшіліктері институционалдық қолдау көрсетіп, бағдарламаның екіжақты диалогты нығайтудағы рөлін айқындады.

Қаржылық тұрғыдан бастамаға бірқатар ірі халықаралық және қазақстандық компаниялар қолдау білдірді. Атап айтқанда, Freedom Holding Corp. стратегиялық серіктес ретінде білім беру мен академиялық алмасуларды ұзақмерзімді инвестиция деп бағалайтынын көрсетті. Бұдан бөлек, Verny Capital, TotalEnergies Renouvelables Services, Air Liquide және Veolia компанияларының қатысуы студенттердің академиялық ұтқырлығын кеңейтіп, тұрақты халықаралық ынтымақтастықты дамытуға серпін берді.

Сарапшылардың пікірінше, көктемгі мектеп Орталық Азияны зерттеуге қызығушылық танытқан еуропалық жас ғалымдар үшін маңызды тәжірибе алаңына айналды. Сонымен қатар бұл бастама Франция мен Қазақстан арасындағы білім беру, ғылым және дипломатия салаларындағы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеретін тиімді құрал ретінде бағаланып отыр.

Осылайша, Inalco-ның көктемгі мектебі тек қысқа мерзімді білім беру жобасы ғана емес, ұзақмерзімді академиялық серіктестіктің берік іргетасына айналды. Ал алдағы стипендиялық бағдарлама осы ынтымақтастықтың нақты нәтижелерін күшейтіп, қазақ тілі мен Орталық Азияны зерттеудің халықаралық маңызын арттыра түспек.