Freedom Кино мен ТВ-да RESTART шорт-сериалының түсірілімі басталды

Режиссер Ернұр Башпайдың бұл жобасы экшн, трэш-комедия және мелодрама жанрларын тоғыстырады. Шорт сериал ұзақтығы екі минуттан аспайтын 30 қысқа бөлімнен құралған.

Қысқа форматтағы сериалдар бүгінде көрермен арасында ерекше сұранысқа ие. Уақытты көп алмайтын әрі оқиғасы ширақ мұндай туындыларды миллиондаған адам күн сайын таңдайды.

«RESTART» — қазіргі көрерменнің талғамына сай түсірілген, сапалы бейнесімен және тартымды оқиғасымен ерекшеленетін жаңа жоба.

Сериалдағы басты рөлдерді Азат Жұмаділ мен Зухра Сайпи сомдайды. Бұл актерлік дуэт көрерменге «Бір тоқсан» танымал сериалы арқылы кеңінен таныс, сол жоба арқылы олар көрерменнің ерекше ықыласына бөленген еді.

Сонымен қатар жобаға Мерей Әжібеков, Дина Тасбулатова, Кенжебек Башаров, Абзал Жақып, Райымбек Ермек, Данияр Әрипов, Айжұлдыз Адайбекова, Дастан Орынбай, Фариза Байтлеу, Қанат Арқабаев, Ерлан Отарәлиев және Нұрқабыл Қапасов қатысады.

Сюжет желісі жұмбаққа толы түннен кейін ес-түссіз күйде оянған екі бейтаныс адамның төңірегінде өрбиді. Олар өздерінің кім екенін және өткен түнде не болғанын анықтауға тырысқан сәтте-ақ, күтпеген жерден құпия із кесушілердің назарына ілігеді.

Енді кейіпкерлер өткен оқиғаның көмескі ізін іздеп, шындықтың сырын ашуға мәжбүр болады. Бірақ әр жаңа құпия ашылған сайын күдік күшейіп, адамдарға деген сенім жоғалады. Осындай алмағайып жағдайда кімге сенуге болатынын ажырату барған сайын қиындай береді.

«RESTART» — адамның жады, таңдауы және өзін іздеуі туралы хикая. Естелігінен айырылған кейіпкерлердің шындыққа қайта жету жолын көрсетуге тырыстық», — деді Ернұр Башпай.

«Әлеуметтік желілердегі микроформаттардың танымалдығы көрерменге қысқа әрі нұсқа контент қажет екенін дәлелдеп отыр. Бүгінде қысқа метраж — жай ғана уақытша үрдіс емес, драматургияның жаңа формасы және классикалық киномен қатар дамитын дербес бағыт. Қысқа формат дәстүрлі жанрлармен терезесі тең, толыққанды салаға айналатынына сенімдімін. Осы орайда жаңа форматтың пайда болуы классикалық ұзақ туындыларды ығыстырмайды, олар көрерменнің әртүрлі сұранысын өтей отырып, қатар өмір сүре береді. RESTART жобасындағы біздің басты мақсатымыз — арзан әрі ой салмайтын контенттен қашу. Біз “смарт-форматқа” назар аударамыз. Біз үшін сюжеттің тереңдігі, продакшнның сапасы мен актерлердің шебер ойыны бәрінен де маңызды. Платформаның мақсаты — қысқа метраждың өзіндік ерекшелігін зерттеп, бұл бағытта жаңа сапа деңгейін қалыптастыру», — деп атап өтті Freedom Кино мен ТВ бас продюсері Алишер Утев.

Жоба авторлары көрерменге өзіндік ерекше әзілдер мен сан түрлі жұмбақтарға толы қызықты хикая ұсынуға уәде береді. Ал ол жұмбақтардың шешімін көрермендер кейіпкерлермен бірге финалға дейін іздейтін болады.

Freedom Кино мен ТВ жаңалықтарынан өткізіп алмаңыздар — жуырда түсірілім алаңынан алғашқы кадрларды көрсетіп, RESTART сериалының тұсаукесері туралы толығырақ мәліметпен бөлісеміз.