Қазақстанның туристік жүрегіне айналған Алматы

Фото авторы: Максим Золотухин
Алматыға келген адам бұл қаланың ерекше тынысын бірден сезеді. Таңертең тауға қарап кофе ішіп, түсте жасыл көшелермен серуендеп, кешке ұлттық тағамнан дәм татып, заманауи мәдени шараларға қатысу — мұның бәрі бір күннің ішінде мүмкін. Соңғы жылдары Алматы туризм саласында жаңа кезеңге қадам басты. Қала тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның ең тартымды туристік бағыттарының біріне айналып келеді.
2025 жылы Алматыға келген туристер саны рекордтық көрсеткішке жетті. Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, тоғыз айдың ішінде мегаполиске 1,87 миллионға жуық адам келген. Оның ішінде 563 мыңнан астамы — шетелдік қонақтар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім көрсетті.
Бүгінде Алматы туристерді тек табиғатымен емес, ыңғайлы инфрақұрылымымен де қызықтырады. Соңғы бір жылда қалада жаңа қонақүйлер, демалыс орындары, глэмпингтер мен гастрономиялық кеңістіктер ашылды. Туризм саласына салынған инвестиция көлемі шамамен 200 миллиард теңгеге жетті. Қала халықаралық бағыттар бойынша да қолжетімді бола түсті. Соңғы жылдары Алматыдан Азия, Таяу Шығыс және Еуропа елдеріне жаңа әуе рейстері көбейіп, мегаполис халықаралық әуе хабына айналып келеді. Бұл шетелдік туристер үшін Алматыны бұрынғыдан да жақын әрі ыңғайлы етті.
Алматының басты артықшылығы — табиғат пен қалалық өмірдің үйлесімі. Қалаға келген туристердің көбі ең алдымен Іле Алатауының көрінісіне тәнті болады. Соңғы уақытта тау туризмін дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. «Алма-Арасан» аумағы жаңартылып, бірнеше туристік маршрут абаттандырылды. Тауда демалушылар үшін кемпинг аймақтары мен заманауи навигациялық жүйелер орнатылды. Қала тұрғындары мен туристер демалыс күндері Медеу, Шымбұлақ, Көк-Төбе бағыттарына жиі саяхаттайды. Алматы бүгінде белсенді демалысты ұнататын саяхатшылар үшін ең тартымды қалалардың біріне айналды.
Сонымен қатар Алматы мәдени туризм орталығы ретінде де қарқынды дамып келеді. Қалада халықаралық фестивальдер, көрмелер мен концерттер жиі ұйымдастырылады. Соңғы жылдары The Spirit of Tengri этно-музыкалық фестиваліне әлемнің түрлі елдерінен әртістер мен туристер жиналып жүр. Фестиваль Алматыны мәдениеттер мен музыканың тоғысқан орталығына айналдырды.
2026 жылдың ең жарқын мәдени оқиғаларының бірі — Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде ашылған «Димаш: бір дауыс – мың ел» көрмесі. Көрмеде әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің жеке коллекциясындағы 70-тен астам музыкалық аспап ұсынылды. Экспозицияға шетелдік жанкүйерлер ерекше қызығушылық танытып, Алматыға арнайы келіп жатқан туристер саны артты. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі бүгінде тек тарихи орын ғана емес, халықаралық туристер көп келетін мәдени орталықтардың біріне айналып отыр.
Шетелдік БАҚ пен халықаралық платформалардың да Алматыға қызығушылығы артып келеді. Сарапшылар мегаполисті Орталық Азиядағы ең перспективалы туристік бағыттардың бірі ретінде атап жүр. Әлемдік саяхат сервистері Алматыны гастрономиялық туризм, тау туризмі және city break форматындағы қысқа сапарлар үшін ең қызықты қалалардың қатарына қосуда. Әсіресе Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдерінен келетін туристер саны өсіп келеді.
Қаланың халықаралық беделінің артуына ірі форумдар мен оқиғалардың да әсері зор. Алматыда жыл сайын халықаралық бизнес-форумдар, спорттық жарыстар, IT-конференциялар, мәдени фестивальдер мен креатив индустрияға арналған іс-шаралар өтеді. Мұндай оқиғалар шетелдік қонақтардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, қаланың заманауи әрі қауіпсіз мегаполис ретіндегі имиджін күшейтіп келеді. Туристер Алматыны тек табиғатымен емес, белсенді мәдени өмірі мен ерекше атмосферасы үшін де таңдайды.
Алматы бүгінде тек демалыс орны емес, шабыт сыйлайтын, жаңа әсер мен эмоцияға толы қалаға айналды. Мұнда әр адам өзіне жақын дүниені таба алады: бірі тауда тынығады, бірі заманауи арт-кеңістіктерді аралайды, енді бірі ұлттық мәдениетпен танысады. Қалада ескі мен жаңаның үйлесімі ерекше сезіледі — тарихи ғимараттар мен жаңа қоғамдық кеңістіктер, ұлттық дәстүр мен заманауи урбанистика қатар дамып келеді.
Тау мен мегаполистің, заманауи өмір мен ұлттық мәдениеттің үйлесімі Алматыны ерекше етеді. Сондықтан бұл қалаға бір рет келген турист міндетті түрде қайта оралғысы келеді. Алматы бүгінгі таңда Қазақстанның туристік брендіне айналып қана қоймай, әлемдік туристік картадағы беделін жылдан-жылға нығайтып келеді.
Ғазиза Ұзақ




