Қазіргі заманның күрделі сын-қатері

фото: jmj.com

XXI ғасырда технология мен экономика саласындағы орасан зор жетістіктерге қарамастан, әлемде аштық мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Бүгінгі таңда миллиондаған адам азық-түлік тапшылығынан зардап шегуде. Аштық тек экономикалық немесе әлеуметтік мәселе ғана емес, ол адамзаттың ар-ұятына сынақ іспетті. БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының деректеріне сәйкес, 2024 жылы әлемде 780 миллионнан астам адам тұрақты түрде аштыққа ұшырайды.

Аштық әсіресе Африка, Оңтүстік Азия және Латын Америкасы елдерінде кең таралған. Бұл проблема климат өзгерісі, экономикалық дағдарыс, соғыс пен қақтығыстардың салдарынан ушығып отыр.Жалпыадамзаттық мәселелерді шешу үшін БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары концепциясын құрған болатын. Тұрақты даму мақсаттарының 2-мақсаты «аштықты жою». Баршаға ортақ өзекті мәселе болғандықтан аштықтың негізгі себептерін айта кетейін:

1.Климаттық өзгерістер

Жаһандық жылыну салдарынан құрғақшылық, су тасқыны және басқа да табиғи апаттар жиілеп, ауыл шаруашылығының өнімділігі төмендеуде. Мысалы, Африканың Сахель аймағында жыл сайын егіннің үштен бірі ауа райының қолайсыздығынан шығынға ұшырайды.

2.Экономикалық теңсіздік

Әлемдік азық-түлік өндірісі халықтың барлығын қамтамасыз етуге жететін деңгейде болса да, оның дұрыс бөлінбеуі мен кедейлік аштықтың негізгі себебі болып отыр.

3.Пандемияның әсері

COVID-19 пандемиясы әлемдік азық-түлік жүйесіне үлкен соққы беріп, логистикалық тізбектердің бұзылуына және бағаның өсуіне әкелді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  Заң факультеті мемлекет және  құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік  құқық кафедрасының білім алушыларымен жоғарыда аталған тақырып аясында дөңгелек үстелде талқыға салдық. Студенттер аталған тақырып бойынша өз ойларын айтып, шешім жолдарын ұсынды:

1.Тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту

Заманауи технологияларды қолдану арқылы су үнемдейтін және экологиялық таза тәсілдерді енгізу.

2.Азық-түлік жүйесін реформалау

Халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер азық-түлікті әділ бөлуді қамтамасыз етуі қажет.

3.Халықаралық ынтымақтастықты күшейту

Аштықпен күресте бай елдер мен халықаралық ұйымдардың қаржылық және техникалық қолдауы аса маңызды.

4.Білім мен инфрақұрылымды дамыту

Кедей елдердегі ауыл шаруашылығы білімін арттыру және инфрақұрылымды жетілдіру арқылы халықтың азық-түлікке қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Әлем бойынша өзекті мәселе болғандықтан кеңінен талдадық.Қорытындылай келе,аштық – бұл тек физикалық қажеттілікті өтеу мәселесі емес, ол адам құқығының ең маңызды бөлігі. Әлем бұл мәселеге немқұрайлы қарамай, күш біріктірсе, болашақта аштықсыз өмірге қадам басуымыз мүмкін. Әр адам өз үлесін қосу арқылы жаһандық мәселелерді шешуге атсалыса алады.

А.Е. ЖАЙНАҚ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Заң факультеті мемлекет және

құқық теориясы мен тарихы,

конституциялық және әкімшілік

құқық кафедрасының аға оқытушысы