ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілдерімен кездесті
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, тараптар су ресурстарын сақтау және еліміздегі су шаруашылығы саласын жаңғырту бағытында іске асырылып жатқан және дайындалып жатқан жобаларды талқылады.
Атап айтқанда, дренажды және ирригациялық жүйелерді жетілдіру жобасының екінші кезеңі туралы сөйлесті. Министр Қазақстанның барлық облыстарындағы нысандардың дайындық деңгейі кемінде 70%-ды құрайтынын, ал кейбір өңірлерде 90%-ға жеткенін атап өтті. Жобаны сәтті аяқтау үшін ҚР Үкіметі оны 2025 жылдың соңына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Министрлік жобаны қайта құрылымдау мақсатында Дүниежүзілік банкке хат жолдады.
Дүниежүзілік банктің еліміздегі тұрақты өкілі Андрей Михнев ұзарту мақұлданғанын айтты. Дүниежүзілік банк жоба 2025 жылдың маусым айының соңына дейін аяқталады деп күтеді.
Сонымен қатар, министр су ресурстарын сақтау мақсатында су секторын цифрландыру тақырыбын қозғады. Тараптар бұл мәселені егжей-тегжейлі талқылау үшін тағы бір мәрте кездесуге шешім қабылдады. Бұл ретте Нұржан Нұржігітов министрлік Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын жұмысқа тартуды және отандық ғалымдардың әзірлемелерін пайдалануды жоспарлап отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ, тараптар Солтүстік Аралды сақтау бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін талқылады. Бұған дейін Дүниежүзілік банк жобаның екінші кезеңі үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындауға грант бөлген болатын. Енді министрлік ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, жергілікті экожүйені тұрақтандыру, шаң-тұздың таралуын азайту және өсімдіктердің өсуіне жағдай жасау үшін Арал теңізінің оңтүстік бөлігін де қамтуға ниетті. Жоба бірқатар сараптамалардан өтуі тиіс, алайда Дүниежүзілік банк өкілдері оны қолдауға дайын екендіктерін білдірді.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында су ресурстарын сақтауға ерекше назар аударды. Бүгін біз талқылап жатқан барлық жобаларды жеке бақылауда ұстаймын, сондықтан біздің ынтымақтастығымыз жемісті және өзара тиімді болады деп сенемін. Сондай-ақ, біз Дүниежүзілік банк мамандарының сараптамалық бағалауына қызығушылық танытып отырмыз. Мысалы, Каспий теңізі мен трансшекаралық өзендерді зерттеу саласында ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.