Мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын жаңа талаптар: балалар үшін қолжетімді орындарды қалай сақтауға болады

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарын міндетті лицензиялау енгізіледі. Жаңа талаптар мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға бірдей қолданылады.
Балалардың қауіпсіздігін арттыра отырып, мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін қалай сақтауға болады? Бұл мәселе 9 қазанда Алматы қаласы «Атамекен» ӨКП-ның білім беру және денсаулық сақтау саласындағы Салалық кеңесінің отырысында басты тақырыпқа айналды. Кеңес алаңында кәсіпкерлер алдағы лицензиялау мәселесін құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдерімен талқылады. Отырысты Кеңес төрағасы Эльмира Ауезова жүргізді.
Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар білім беру сапасы мен қауіпсіздігін арттыруды қолдайды. Алайда жаңа талаптар жұмыс істеп тұрған ұйымдардың жағдайын ескеруі тиіс. Сала өкілі Алуа Рудар бұл ұйымдарға қажетті өзгерістерді кезең-кезеңімен енгізуге мүмкіндік беретін өтпелі кезең қарастыруды ұсынды.
Бейімделген үй-жайларда орналасқан ұйымдарға ерекше назар аударылды. Кейбір ғимараттарда қосымша эвакуациялық баспалдақ немесе стандартты пандус орнату техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Бизнес тәуелсіз өрт аудитінің қорытындысын ескере отырып, қауіпсіздік пен қолжетімділікті қамтамасыз ететін балама шешімдерді қарастыруды ұсынады.
Кадр мәселесі де талқыланды. Мамандар тапшылығы жағдайында кәсіпкерлер педагогтердің кемінде 75%-ы негізгі жұмыс орны бойынша еңбек етуі тиіс деген талапты кезең-кезеңімен енгізуді, халықаралық педагогикалық біліктіліктерді ескеруді және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлеріне қолдау шараларына тең қолжетімділік беруді ұсынды.
Сонымен қатар салаға медициналық кабинеттердің жұмысы мен балаларға көмек көрсетуді ұйымдастыру, тьюторлардың мәртебесі және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеуді қаржыландыру мәселелері бойынша нақты түсіндірмелер қажет.
Кеңес кәсіпкерлердің мәселелерін біріктіріп, оларды мемлекеттік органдарға тікелей жеткізуге мүмкіндік берді. Жүйелі шешімді қажет ететін ұсыныстарды Алматы қаласының «Атамекен» ӨКП одан әрі пысықтау үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолдайды.
Басты міндет — мектепке дейінгі ұйымдардың жұмыс сапасын арттыруына, ал отбасылардың мектепке дейінгі білімге қолжетімділігін сақтауына мүмкіндік беретін түсінікті әрі орындалатын лицензиялау талаптарын белгілеу.




