Өзбекстан, Иран және Қазақстан шахматшылары Азия чемпионатында жеңіске жетті

Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында шахматтан Азия құрлықтық чемпионатының финалдық тоғызыншы кезеңі аяқталды.

Азияның шахмат королі атағы өзбек гроссмейстері Шамсиддин Вохидовқа (ФИДЕ рейтингі 2583) бұйырды. Ол 7 ұпай жинады. Күміс 6,5 ұпай алған Иран гроссмейстері Бардия Данешварға (ФИДЕ рейтингі 2555) берілді. Қазақстандық шахматшы Әлішер Сүлейменов (ФИДЕ рейтингі 2463) 6,5 ұпай жинап, қолаға қол жеткізді.

Сонымен қатар, Қазақстандық екі шахматшы қыз Азия чемпионатының үздік бестігіне енді.

Шахматтан Азия құрлықтық чемпионаты аясында өтіп жатқан әйелдер чемпионатының жеңімпаздары анықталды.
Алтын мен күмісті үнді шахматшылары – 7,5 ұпай жинаған Дивья Дешмух (ФИДЕ рейтингі 2389) және 6,5 ұпаймен Мари Анн Гомес (ФИДЕ рейтингі 2315) иеленді. Үшінші орын моңғолиялық Батхуягийн Монгонтуулға (ФИДЕ рейтингі 2397,ф66) бұйырды.

Үздік бестікке Қазақстанның шахматшылары Ксения Балабаева (ФИДЕ рейтингі 2186) пен Әмина Қайырбекова (ФИДЕ рейтингі 2146) енді. Жеңіс тұғырына шығуға жарты ұпай жетпесе де, қазақстандық шахматшылар жарқын ойын өрнегін көрсетті. Олар Әлішер Сүлейменовпен бірге Бакуде өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.

Шахматтан Азияның құрлықтық чемпионаты биыл 3 маусымда басталған болатын. Оған әлемнің 18 елінен ең мықты шахматшылар қатысты. Шараның жүлде қоры 100 000 долларды құрады.

Ұйымдастырушылар – Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Азия шахмат федерациясы, Қазақстан шахмат федерациясы. Турнирдің бас серіктесі — Freedom Holding Corp.