Red Bull Dance Your Style Алматыда: Арбат көше биінің алаңына айналды

Алматыдағы Арбатта Red Bull Dance Your Style халықаралық би жобасының қалалық іріктеу кезеңі өтті. Бұл — қатысушылар бір-біріне қарсы өнер көрсетіп, жеңімпазды көрермендер анықтайтын жарыс форматы. Күні бойы алаңға бишілер, көше мәдениетінің жанкүйерлері және үлкен би оқиғасының бір бөлігіне айналған қала тұрғындары жиналды.
Іріктеу кезеңі сағат 16:00-де басталды. Қатысушылар кезекпен алаңға шығып, өз стилін, музыканы сезіну қабілетін, импровизациясын және көрерменмен жұмыс істей білуін көрсетті. Іріктеу барысында хип-хоп, хаус, поппинг, локинг, вакинг, крамп және басқа да көше биі бағыттары ұсынылды.
Сағат 18:00-де негізгі баттлдар басталды. Бұл — алдын ала белгісіз музыкалық тректерге бір-біріне қарсы орындалатын жеке өнер көрсету кезеңдері. Бишілер үшін күрделі қимылдарды көрсету ғана емес, өз мінезін ашу, музыканы сезіну және көрермендермен байланыс орнату да маңызды болды. Кімнің келесі кезеңге өтетінін дәл көрермендер шешті.
Алматыдағы іріктеу қорытындысы бойынша екі жеңімпаз Red Bull Dance Your Style ұлттық финалында бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Ұлттық финал 30 тамызда Қарағандыда өтеді және оған Қазақстанның әр өңірінен жиналған 16 үздік биші қатысады: олардың төртеуі іріктеу кезеңдері арқылы жолдама алса, тағы 12 қатысушы арнайы шақырту бойынша өнер көрсетеді.
Қарағандыда өтетін финалдық баттл алдында сахнаға **ALPHA** тобы шығады. Олардың өнер көрсетуі маусымның басты би оқиғасының музыкалық бөлігін толықтырып, көрермендерді ұлттық чемпион атағы үшін өтетін шешуші бәсекеге дайындайды.
Кеншілер астанасында Қазақстанды әлемдік аренада таныстыратын биші анықталады. Ұлттық финалдың жеңімпазы биыл күзде Цюрихте өтетін Red Bull Dance Your Style әлемдік финалына аттанады.
Red Bull Dance Your Style форматында алдын ала дайындалған музыка да, дәстүрлі қазылар алқасы да жоқ. Қатысушылар кез келген жағдайға дайын болуы керек, ал көрермендер өздерін ерекше әсерлендірген бишіні таңдайды. Сондықтан әр баттл күтпеген нәтижеге толы болады, ал жеңіс бишінің энергиясына, даралығына және көрермендерді баурай білуіне байланысты.
Қарағандыдағы ұлттық финал Red Bull Dance Your Style жобасының Қазақстандағы биылғы маусымының шарықтау шегі болмақ. Бір алаңда 16 биші, күтпеген музыкалық тректер және қызу қолдау — енді барша назар бір сұраққа бағытталады: әлемдік финалда Қазақстан атынан кім өнер көрсетеді?


