Шымкенттік оқушылар əлем чемпионатында бірінші орын иеленді

Қазақстандық оқушылар халықаралық аренада тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді. АҚШ-тың Хьюстон қаласында 2026 жылғы 29 сəуір мен 2 мамыр аралығында өткен FIRST World Championship робототехника жарысында Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің OVERTIME командасы жоғары нəтиже көрсетті.
Əлемнің 336 үздік командасы қатысқан беделді додада Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларынан құрылған OVERTIME командасы Reach Award Winner – 1st Place номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, чемпион атағына ие болды.
FIRST World Championship-робототехника мен инженерия саласындағы ең ірі халықаралық жарыстардың бірі. Аталған чемпионат қатысушылардың техникалық білімін ғана емес, олардың сыни ойлау қабілетін, командалық жұмысын жəне күрделі жағдайларда тиімді шешім қабылдау дағдыларын жан-жақты бағалайды.
OVERTIME командасының ерекшелігі олардың робототехниканы тек жарыс шеңберінде шектемей, оны əлеуметтік маңызы бар жобалармен ұштастыруында.

Команда мүшелері:
● зағип жандарға арналған Брайль қарпіндегі тактильді кітап əзірлеп, «Үміт» мектебіне сыйға тартты;
● есту қабілеті шектеулі жандарға арналған Soyle атты ақылды көзілдірік жасады;
● мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған танымдық кітаптар
дайындады.
Аталған жобалар ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға жəне қоғамда инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған. Бұл жеңіс тек OVERTIME командасының ғана емес, Шымкент қаласының жəне бүкіл Қазақстанның ортақ жетістігі. Америкадан жүлдемен оралған оқушыларға “Шымкент-қайырымды қала” əлеуметтік даму корпоративтік
қоры демеушілік көрсетті. Оқушылардың табысы еліміздегі жас буынның жоғары əлеуетін жəне STEM бағытындағы білім берудің тиімділігін айқын көрсетеді.




