Цифрлық қауіпсіздік: Жетісу облысы ПД deepfake пен жасанды дауыс арқылы жасалатын алаяқтықтан сақтануды ескертеді

Қазіргі таңда интернет-алаяқтықтың түрлері күрт өсіп отыр. Телефон арқылы қоңырау шалу, әлеуметтік желілер арқылы жалған хабарламалар тарату, бейтаныс сілтемелерді жіберу сияқты әдістердің қатарына енді deepfake пен жасанды дауыс қосылды. Бұл заманауи технологияларды қылмыскерлер азаматтарды алдау, қаржы иемдену және қоғамда дүрбелең тудыру мақсатында жиі пайдаланып жүр.
Жетісу облысы Полиция департаменті deepfake және жасанды дауыс арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер көбейгенін ескертіп, тұрғындарды сақ болуға шақырады. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, қылмыскерлер туысының немесе әріптесінің даусын айнытпай көшіріп, «жедел ақша керек» деген желеумен қаражат аудартуға тырысады. Сондай-ақ ұйым қызметкерлеріне басшылықтың атынан қоңырау шалып, төлем жасауды талап ететін жағдайлар тіркелуде.
Deepfake – адамның бейнесін айнытпай жасайтын жалған фото-бейне технологиясы. Ол жалған ақпарат таратуға, қоғамды адастыруға, беделге нұқсан келтіруге және бопсалауға жиі қолданылады. Полиция мұндай материалдар саясаткерлерге, бизнес өкілдеріне және мемлекеттік қызметшілерге қатысты жасалғанда, оның салдары жеке беделден бөлек, қоғамдық тұрақтылыққа да әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.
Жасанды дауыс та алаяқтардың негізгі құралына айналды. Заманауи алгоритмдер бірнеше минуттық аудиоға сүйеніп, адамның үнін, екпінін қайталайды. Соның арқасында туыстың атынан «апатқа ұшырадым», «шұғыл ақша керек» деген хабарламалар немесе ұйымдарға «басшының тапсырмасы» ретінде жалған нұсқаулар түседі. Мұндай жағдайда полиция азаматтарға ақпаратты міндетті түрде нақтылап, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуді ескертеді.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, жалған бейне мен дауыс тек жеке адамдарға ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке де қатер төндіреді. Олар қоғамда дүрбелең туғызып, мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсіретуі және қаржылық қылмыстарға жол ашуы мүмкін. Осыған байланысты полиция прокуратура, қаржы ұйымдары және IT-секторымен бірлесіп, күмәнді контентті анықтау тетіктерін күшейтіп, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Полиция департаменті ақпаратты тексеруге, белгісіз сілтемелерді ашпауға, бейне мен аудионы бірнеше дереккөзден растауға кеңес береді. Ұйымдарға төлемдерді растаудың көпсатылы тәртібін енгізу ұсынылады. Жалған ақпарат тарату, алаяқтық және бопсалау заңмен қатаң жазаланатыны ескертіліп, күмәнді жағдайға тап болғандар дереу 102 нөміріне хабарласуы қажет.
Жасанды интеллект – прогресс құралы. Бірақ ол қылмыскерлердің қолына түскенде алдау мен манипуляцияға айналады. Полиция қоғамды сергек болуға шақыра отырып, қауіп-қатерге тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана төтеп беруге болатынын атап өтті.



