Үлкен сахнада – дәулескер жас музыканттар

Келешегінен үміт күттіретін қазақстандық музыканттарды қолдауға бағытталған «Жастық пен шабыт» жобасы «Астана Опера» театрының игі дәстүріне айналды. 11 наурызда К.Байсейітова атындағы Камералық залда шығармашылық жолдары алғашқы айтулы жетістіктерімен еске түсетін жас дарындар өнер көрсетеді.

Көктемгі бағдарламаға беделді халықаралық әрі республикалық байқаулардың лауреаттары – дарынды балаларға арналған мектептің білім алушылары мен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті қатысады. Тыңдармандардың алдына скрипкашылар Сағадат Омарғазин, Стефания Мохначева, Елдана Көпбай, Інжу Мырзабаева, виолончельші Сұлтан Бескембиров, сондай-ақ валторнашы Арман Жәкен шығады. Олар профессор А.Қ.Мұсақожаева мен оқытушылар А.И.Ерғалиева, М.К.Нарбеков, Е.А.Жәкеновтің тәрбиеленушілері.

Жас солистер маэстро Элмар Бөрібаевтың басқаруындағы «Астана Опера» камералық оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетеді.

– Біздің концерттеріміз болашағынан зор үміт күттіретін әртістерге Камералық залдың беделді сахнасында өнер көрсетіп, өздері жайлы батыл жар салуға мүмкіндік береді, сондай-ақ оларға танымал шеберлермен шығармашылық диалог орнатудың баға жетпес тәжірибесін сыйлайды. Ал көрермендер үшін бұл болашақ орындаушылар буынының шеберлігін алғашқылардың бірі болып естуге және бағалауға сирек мүмкіндік болмақ, – деп атап өтті дирижер.

Кеш бағдарламасында жас дарындар түрлі дәуірдің сан алуан жауһарларын таныстырады. Елордалық көрермендерді Н.Паганинидің Оркестр мен скрипкаға арналған №1 виртуоздық концертімен және Ф.Мендельсонның Оркестр мен скрипкаға арналған терең лирикалық концертімен, ми минор кездесу күтеді. В.А.Моцарттың керемет  үйлесімділік пен әсемдікке толы шығармалары – Оркестр мен скрипкаға арналған №4 концерті, pе мажор (1-бөлім) және Оркестр мен валторнаға арналған №3 концерт, ми-бемоль мажор (1-бөлім) шырқалады. И.Гайдн – Д.Поппердің Оркестр мен виолончельге арналған шағын концерті, до мажор (1-бөлім) бағдарламаға классикалық жүйелілік пен үннің бекзаттығын үстейді.

– Таңдалған репертуар – кез келген орындаушы үшін жауапты сын. Концерт бағдарламасы солистердің дарынын жан-жақты ашуға мүмкіндік беретіндей етіп құрылған. Паганини мен Мендельсонның концерттері мінсіз техникамен қатар, рухтың кемелденуін, партитураның ұсақ-түйек нюанстарына дейін жеткізу қабілетін көрсетуді қажет етеді. Сонымен қатар Моцарт пен Гайднның шығармалары – стилистикалық тазалық пен форма айқындылығының үлгісі болып табылады. Мұндай туындыларды орындау жас әртістерден шеберлікпен қатар автордың көркемдік ой-толғауын терең түсінуді талап етеді. Ал оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсету – кәсіби музыканттың қалыптасуындағы маңызды кезең, ол жас солистерге өз әлеуетін толықтай ашуға мүмкіндік береді, – деп қорытындылады Элмар Бөрібаев.

Концерттің басталуы 19.00-де.