Жамбыл рухы – ұлт жадында

Жуырда Алматы облыстық Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалды музейі ұлы жыраудың 180 жылдық мерейтойына арнап Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде «Жыр алыбы – Жамбыл» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды. Мақсаты – ХХ ғасырдың Гомері атанған, жүз жасаған жүрек, халқының маңдайына біткен халық ақыны, ұлы тұлғасы, әлемге аты паш Жамбыл Жабаевтың ұрпаққа қалдырған рухани бай мұрасын өскелең жас ұрпаққа насихаттау және музейаралық байланысты нығайту.
Көрмеге Жамбыл ақынның музей қорынан фотосуреттер, портреттер, кітаптар, қолжазбалар, жеке тұтынған заттары қойылып, көпшілікке ұсынылды.
Шараны ақын, ғалым, Қазақстанның Құрметті жазушысы, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Музей кешенінің аға ғылыми қызметкері Әділғазы Қайырбеков жүргізіп, қорытындылады. Жамбыл ақынның көптеген ақын-жазушылармен шығармашылық тығыз байланыста болғанын, солардың қатарында қазақ әдебиетінің классиктері, академик-жазушылар С. Мұқанов пен Ғ. Мүсірепов те барын айтты. Сәбит Мұқанов өзінің «Жамбыл Жабаев» (1946) атты мақаласында оның ата тегіне, өмірбаянына тоқталып, мол мағлұмат бергенін, ал Ғабит Мүсірепов Жыр-Жамбылға «Алып ақын атамыз» (1945), «Жамбыл Ұлы Отан соғысы тұсында» (1946) және «Феномен-Феникс» (1971) атты үш мақала арнағанын, Музей кешені қорында ақынның С. Мұқановпен, Ғ. Мүсіреповпен, қазақ жауынгерлерімен түскен фотосуреттері сақталғанын баяндап өтті.

Алматы облыстық Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалды музейінің қор сақтаушысы Ұлан Қылышбаева, экскурсия жетекшісі Сәния Қадырбаева көрмеге қойылған жәдігерлермен таныстырып, тарихынан сыр шертті. Жамбыл атындағы №161 лицейдің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гүлнәр Ақыжанова шара туралы жылы пікірін білдірді. Көрмені қала тұрғындары, оқытушылар, студенттер тамашалады.
Шара соңында қонақтарға қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы С. Мұқанов музей-үйінен танымдық экскурсия жүргізілді.
Музейлер арасындағы мәдени-рухани байланыс одан әрі дамып, болашақта да ізгілікті, танымдық іс-шараларды бірге атқарамыз деген ойдамыз.
Назгүл АЛТАЕВА,
Алматы қаласы музейлер бірлестігіне
қарасты С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің
әдеби-мемориалдық музей кешенінің
ғылыми бөлім жетекшісі,
Мәдениет саласының үздігі



