Жаңа Кармен елордалық сахнаны тәнті етті

7 қазанда «Астана Операда» ең танымал опера кейіпкерлерінің бірінің бейнесінде айтулы дебют орын алды. Опера труппасының жарқын солисі Салтанат Мұратбекова алғаш рет сахнаға Жорж Бизенің аттас жауһарындағы тартымды бикеш Карменнің партиясында шықты.

Дарынды меццо-сопрано Салтанат Мұратбекова кемеңгер композитор Ж.Бизенің операсынан «Хабанера» мен «Сегидилья» әйгілі арияларымен қазақстандық және шетелдік алаңдарда бірнеше рет жарқын өнер көрсетсе де, бұл әртістің осынау айтулы рөлде сахнаға алғаш рет шығуы болды.

– «Кармен» – барлық әлемдік театрларда сахналанатын танымал туынды, халықтың жүрегінен орын алған ауқымды опера. Біз әртіс болғаннан кейін кез келген партия табиғатымызға сай келсін-келмесін, кейіпкерді айнытпай сомдауға тырысамыз. Сондықтан Карменнің бейнесін барлық қырынан ашуға бар мүмкіндігімді салу мен үшін маңызды болды. Карменнің партиясы өте көлемді болғанына және солистің сахнадан спектакльдің басынан аяғына дейін кетпейтініне қарамастан, партия менің даусыма жақсы келеді. Сондай-ақ француз тілінде орындалатыны болмаса, вокалдық-техникалық тұрғыда партия мен үшін ешқандай қиындық туғызбады. Спектакльге дайындық барысында біз француз тілінен білікті ұстаздардан сабақ алдық. Туындының мағынасын түсіну үшін тілді меңгеруге тура келді, — деді театр солисі Салтанат Мұратбекова.

— Менің ойымша, Карменнің ең негізгі қасиеті – еркінсүйгіштігі. Ол өзін әрдайым азат сезінеді, өзінің қалауынсыз ешқашан ешнәрсеге бағынбайды. Ол: «Басымды кесіп алсаң да, жүрегімді пышақпен суырып алсаң да, мен саған бағынбаймын» деп ән шырқайды. Сонымен бірге Кармен өте ақжарқын, сұлу әрі тартымды қыз. Айналасындағы жігіттерді өзінің қылығымен, өжет мінезімен тартып тұрады. Ер-азаматтар оның махаббаты үшін әркез таласып-тартысады, бірақ түбінде менің кейіпкерім еркіндікке жету жолында өлім құшады. Кармен жарқын, от мінезді қыз болғаннан кейін мен сахнада оның осы бейнесін көрсетуге тырысамын, әйтпесе Кармен Кармен болмайды. Бұл әрбір меццо-сопрано білуге тиіс партия болғандықтан, оны өз репертуарыма қосу мен үшін маңызды болды, — деп пікірімен бөлісті Салтанат Мұратбекова.

Бұл күні баритон Дінмұхамед Көшкінбаевтің де дебюті орын алды. Театрдың жас солисі сахнаға алғаш рет тореадор Эскамильоның бейнесінде шықты, ал оның әріптесі Гүлдана Алдадосова Фраскитаның партиясында дебют жасады.

Айта кету керек, Ж.Бизенің мәңгі өшпес туындысы көпшілікке 6 қазанда да ұсынылды. Карменнің басты рөлінде Татьяна Вицинская өнер көрсетті, Талғат Мұсабаев Эскамильоны өз интерпретациясында ұсынды, Фраскита – Айзада Қапонова. Бұл кеш те дебюттерсіз өтпеді: театр солисі, әнші-сопрано Галина Чеплакова алғаш рет көрермендердің алдына нәзік Микаэланың партиясында шықты, ал 7 қазанда бұл бейнені Салтанат Ахметова сомдады. Спектакльдің түрлі күндері Дон Хозені тенорлар Саян Исин мен Мейір Байнеш орындады. Цунига – Шыңғыс Расылхан, Валерий Селиванов, Моралес – Ержан Саипов, Мерседес – Елена Ганжа, Ұлпан Әубәкірова, Данкайро – Ерұлан Кәмел, Алтынбек Әбілдә, Ремендадо – Рамзат Балакишиев, Талғат Аллабиринов.

«Астана Опера» опера труппасының солистері, оркестрі, хоры, балалар хоры, мимансы мен балет труппасы бұл күндері италиялық маэстро Джузеппе Акуавиваның жетекшілігімен өнер көрсетті. Қойылымның музыкалық жетекшісі – театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев. Бас хормейстер – Ержан Дәуітов, қоюшы балетмейстерлер – Елена Шерстнева, Тұрсынбек Нұрқалиев, балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова. Опера труппасының директоры – Азамат Жылтыркөзов.