«Астана Моторс» көлік шығаратын кешендердің санын арттырады

«Астана Моторс» қазақ мотор компаниясы Алматыдағы индустриялық аймақта орналасқан Hyundai зауытына жас кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдерін шақырып, арнайы медиа тур өткізді.

Автокөліктер сатумен айналысатын және кепілдік және кепілдіктен кейінгі сервистік қызмет көрсететін Hyundai Auto Kazakhstan компаниясы 2003 жылы құрылған.

Hyundai Auto Kazakhstan компаниясының Қазақстан бойынша 23 автоорталығы бар: Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Орал, Өскемен, Шымкент, Талдықорған, Көкшетау, Семей, Тараз, Екібастұз.

Hyundai бренді — «Астана Моторс» брендтер портфеліндегі 2022 жылғы көшбасшы. Қазақстандағы Hyundai сатылымдары 2022 жылы 28 864 бірлікті құрады. 2021 жылмен (22 729 бірлік) салыстырғандағы өсу – 27 %. 2023 жылғы 9 айдағы сатылымдар 34 983 бірлікті құрады. 2022 жылдағы ұқсас кезеңмен (20 440 бірлік) салыстырғандағы өсу – 71 % болды.

Модельдер қатарына келесі көліктер кіреді: 

  • жеңіл автокөліктер: Accent, ELANTRA, i20, i30, SONATA
  • кроссоверлер: BAYON, SANTA FE, TUCSON, PALISADE
  • минивендер: STARIA
  • электр автокөліктері: Hyundai IONIQ 5

Зауыт екі ауысымда, аптаның бес күнінде үздіксіз қызмет етеді. Бүгінгі таңда кәсіпорында 1200-ден аса адам жұмыспен қамтылған. Ең жас қызметкерлердің жасы 18-20 жас аралығында болса, ең жасы үлкен азаматтар 60-тан асқан. Әр қызметкерге қамқорлық көрсетіп, әлеуметтік жағдайы қарастырылған. Тегін тамақтандыру, трансферлік қызмет, қосымша демалыс күндері мен медициналық сақтандыру бар. Үзіліс кезінде зауыт қызметкерлері зауытта орналасқан спорт алаңдарында теннис ойнап, тыныға алады. Қызметкерлер әрдайым өз біліктілігін арттыру мақсатында білім алады, тәжірибе алмасу бағдарламасына қатыса алады.

«Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны Hyundai Trans Kazakhstan Hyundai жеңіл автокөліктерін өндіретін толық циклды зауыт болып табылады.

Бұл жоба Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Қазақстанның Даму Банкінің, Өнеркәсіпті Дамыту Қорының, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясының, Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Hyundai Trans Kazakhstan зауытының өндірістік қуаты – жылына 50 мың бірлікке дейін. Зауыт 2021 жылы – 25 977 автокөлік, 2022 жылы 37 205 автокөлік шығарды.

2023 жылы 50 мыңға жуық автокөлік шығаруды жоспарланып отыр.

Сегіз ай қорытындысы бойынша 33 683 (+52,4%) автокөлік шығарылды. Бұл ретте, маусым айында 5050 дана автокөлік өндіріліп, рекордтық көрсеткіш тіркелді.

Кәсіпорынның жалпы ауданы – 34 мың шаршы метр. Қазіргі уақытта шағын тораптық өндірістің қуатын арттыру және дәнекерлеумен және бояумен жаңа модельдерді іске қосу үшін өндірістік алаңдарды кеңейту және өндірістік цехтарды жаңғыртуға дайындық жүргізілуде..

Hyundai Trans Kazakhstan Hyundai көліктерінің он моделін шығарады – Tucson, Accent, Sonata, Elantra, Santa Fe, Palisade, Staria, i30, i20, Bayon. Hyundai Accent және Hyundai Tucson автокөліктері кәсіпорында дәнекерлеудін, бояудың және құрастырудың толық өндірістік циклі бойынша өндіріледі.

2020 жылғы 23 қазанда шанақтарды дәнекерлеу және бояу, пластик бөлшектерді бояу және компоненттерді қоймалау цехтары бар зауыт толыққанды іске қосылды. «Астана Моторс» компаниясы Hyundai Trans Kazakhstan зауытын тұрғызу бойынша өзіне қабылдаған міндеттемелерді орындап, жобаны пандемия жағдайларында бір жыл ішінде жүзеге асырды. Жаңа өндірісте жабдықтарды монтаждау үдерісіне кезең-кезеңімен Оңтүстік Кореядан келген 100-ден астам инженер қатысты.

Hyundai Trans Kazakhstan зауытындағы әрбір автокөлік Hyundai жоғары стандарттарына сәйкестік бойынша тексеруден өтеді. Зауыттағы барлық операциялар қатаң түрде Hyundai Motor Company бекітілген технологиялық үдерісі бойынша және стандарттарына сәйкес жүргізіледі.

 «Астана Моторс» компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов:

«Біздің компанияның жылдар бойынша қалыптастырылған өз дәстүрлері бар. Мысалы, еңбек кітапшасында бір ғана жұмыс орны тіркелген қызметкерлер бар. Біздің ұжымға жас маман болып келіп, қызметтік жолында өз кәсіби біліктілігін арттырып, басшылық қызметке дейін көтерілген жандар бар. Әр қызметкерді бағалай отырып, олардың еңбек жолында жетістіктерге жетуіне ат салысамыз. Сондай-ақ, біздің зауытта нәзік жандылар да қызмет етеді. Олардың жұмысы тиянақтылықты қажет ететіндіктен, мысалы, олар көлікті бояу жұмыстарына жауап береді. Қызметкерлердің санын арттыру жоспарда бар. Оның үстіне көп ұзамай екі кешен өз жұмысын бастамақшы»

Алдағы жылдары зауыт жанында Astana Motors Engineering пен Astana Motors Manufacturing Kazakhstan екі кешен бой көтереді. Қазіргі уақытта 10 гектардан астам аумақта оның құрылысы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыс нысандарын алғашқылардың бірі болып көруге мүмкіндік алған медиа тур қатысушыларына барлық деректер айтылып, алдағы жоспарлар таныстырылды.

Astana Motors Engineering, «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны — автокомпоненттерді өндіру бойынша тәжірибесі бар шетелдік серіктестермен бірлесіп, автокомпоненттерді: автокөлік орындықтарын, полиуретан кілемшелерді, қанатасты қаптамаларын, шашыратқыларды және HYUNDAI автокөліктеріне арналған мультимедиалық жүйелерді өндіретін кәсіпорындар кешені.

Өндірістік үй-жайлардың ауданы 8,2 мың шаршы метрді құрайды. Кәсіпорындар 2024 жылдың соңында іске қосылады деп жоспарланған. Автокомпоненттерді өндіретін үш кәсіпорында 90-нан астам маман жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan, «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны, Chery, Haval және Changan қытай брендтерінің жеңіл автокөліктері өндірісінің толық циклін жүзеге асыратын зауыт.

Зауыттың құрылысы 2024 жылдың IV тоқсанында аяқталады деп жоспарланған. 2025 жылдың I тоқсанында автокөліктердің пилоттық өндірісі іске қосылады. Өндіріс ауданы 150 000 ш.м. құрайды. Жобаның жалпы құны – 164 млрд теңге.

Мультибрендті зауыттың жоспарланған өндірістік қуаты — жылына 90 мың бірлік, осылайша,  жаңа автокөліктер конвейерден 2,5 минут сайын түсетін болады. Автокөліктердің бүкіл көлемі кәсіпорында шанақты дәнекерлеу және бояу бойынша технологиялық операцияларды қолдана отырып, ұсақ торапты әдіспен ғана өндіріледі.