Атырау маңында жоғалған отбасының барлық мүшесінің мәйіті табылды

Фото: Атырау полиция департаменті

Атырау облысында жоғалып кеткен отбасы мүшелеріне қатысты қайғылы оқиғаның жаңа мән-жайлары анықталды. Бұған дейін із-түзсіз кеткен отбасының тағы екі мүшесінің мәйіті табылды. Бұл туралы nazarmedia.kz порталы Ulysmedia.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Дереккөздің мәліметінше, Атырау қаласының маңындағы Геолог шағын ауданында орналасқан уақытша тұрғын үйдің ауласынан Наурыз бен Мирамгүлдің денелері табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, оларды өлтіріп, кейін үйдің ауласына жасырын түрде көміп кеткен.

Тергеу барысында бұл жерде бұған дейін қылмысқа күдікті ретінде қарастырылып отырған Сұлтан Сәрсемәлиев жұбайымен бірге тұрғаны анықталған. Осыған дейін Жангелдин ауылындағы шаруашылық құрылысының ішінен аталған отбасының ерлі-зайыпты мүшелерінің мәйіттері табылған еді. Алдын ала болжам бойынша, бұл қылмысты да Сұлтан Сәрсемәлиев жасаған болуы мүмкін.

Тергеу деректеріне сәйкес, қылмысты жасыру мақсатында сарай ауласынан шамамен бір жарым метр тереңдікте шұңқыр қазылып, мәйіттер сонда көмілген. Кейін оның үсті топырақпен жабылып, линолеум төселіп, үстіне диван қойылған. Бұл әрекет қылмыстың ізін жасыру үшін әдейі жасалған деген болжам бар.

Осылайша қазіргі уақытта із-түзсіз кеткен отбасының барлық мүшесінің мәйіттері табылғаны белгілі болды.

Құқық қорғау органдары аталған дерек бойынша тергеуді жалғастырып жатыр. Мамандар қылмыстың толық мән-жайын, себептері мен басқа да ықтимал қатысы бар тұлғаларды анықтау бағытында жұмыс жүргізуде.

Сонымен қатар, ерлі-зайыптылардың өліміне байланысты негізгі күдіктілер – Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Қазақстанға жеткізілгені хабарланды. Бұған дейін олар Индонезия аумағында ұсталған болатын.

Тергеу амалдары жалғасуда.