Тұздыбастаудағы тарихи сәт

Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында 4 сәуір күні ел есінде ұзақ сақталатын тарихи сәт орын алды. Ауылдағы «Білімгер» мектебінің ауласында биіктігі 15 метрлік Мемлекеттік Ту тұғыры орнатылып, көк байрағымыз салтанатты жағдайда көкке көтерілді. Бұл – ауыл тарихындағы ғана емес, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі де тағылымы мол, елдік рухты асқақтатқан ерекше оқиға болды.
Салтанатты рәсімде Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадраев Мемлекеттік Туды көтеру құрметіне ие болып, көпшілікке ерекше рух сыйлады. Даңқты спортшының қолымен көк байрақтың көкке көтерілуі оқушылардың жүрегіне отансүйгіштік сезім ұялатып, елдік сананы күшейткен маңызды сәтке айналды.
Рәсімнің лентасын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Жаркент айнасы» газетінің бас редакторы Молот Мұсаұлы, Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Жалғас Дәулеткелдіұлы, сондай-ақ Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы қиды. Құрметті қонақтар бұл бастаманың маңызын жоғары бағалап, ауылдың рухани дамуына қосылған үлкен үлес екенін атап өтті.
Бұл тағылымды шараға арнайы Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Жұманов Қайрат Ізбасарұлы бастаған Талғар ауданы мен Қонаев қаласының білім бөлімдерінің басшылары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, қоғам белсенділері, өнер майталмандары, әншілер мен актерлер қатысып, тарихи сәттің куәсі болды. Қонақтардың келуі шараның маңызын арттырып, ауыл өміріндегі айтулы оқиғаның мәнін тереңдете түсті.
Шара барысында ел ағалары ауыл балаларының сапалы білім алуына мүмкіндік жасап, заманауи мектеп салып берген кәсіпкер, «Білімгер» мектебінің құрылтайшысы Айдын Кеңесбекұлына шынайы алғыстарын білдіріп, ізгі тілектерін арнады. Бұл – ел ертеңіне жасалған маңызды инвестиция, ұрпақ болашағына бағытталған игі қадам екені ерекше айтылды.
Айрықша мәнге ие бұл тарихи күн Наурыз мерекесімен сабақтасып, үлкен ұлттық мерекеге ұласты. Мектеп ауласында халқымыздың салт-дәстүрлері, ұлттық ойындары, әдет-ғұрыптары мен рухани құндылықтары кеңінен насихатталды. Бұл тағылымды шара жас ұрпақтың бойына ұлттық руханият пен елдік құндылықтарды сіңіретін үлкен тәрбие мектебіне айналды.
Тұздыбастауда өткен бұл тарихи сәт – ел бірлігі мен ұлттық рухтың жарқын көрінісі. Осындай мазмұнды іс-шаралар арқылы өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік, елге қызмет ету және ұлттық құндылықтарды қастерлеу сезімі қалыптасатыны анық.
4 сәуір – Тұздыбастау ауылының шежіресіне алтын әріппен жазылған күн болды.
“Білімгер” жекеменшік мектебінің директоры 
Құлжанов Әнуарбек Бөрібайұлы