Алматыда Қала күніне орай халықаралық граффити фестивалі өтеді

20 қыркүйекте Алматыда Қала күніне орай заманауи граффити мәдениетіне арналған арт-фестиваль өтеді. Іс-шара Оспанов көшесінің бойында, Есентай өзенінің жағалауында ұйымдастырылады.
Фестиваль ашық аспан астындағы стрит-арт галереясының жалғасы болмақ. Күні бойы қазақстандық және шетелдік суретшілер жаңа туындыларын жасап, қолданыстағы көркем кеңістікті толықтырады.
Жоба түрлі тәжірибесі, стилі және шығармашылық тілі бар суретшілерді біріктіреді. Осылайша заманауи граффити қала қабырғаларындағы жеке туындылар жиынтығы ретінде ғана емес, әртүрлі мәдениеттер мен ұрпақтар арасындағы тірі диалог ретінде ұсынылады.
Фестивальде Қазақстанның граффити сахнасына ерекше орын беріледі. Қатысушылар қатарында Қазақстанда граффити мен стрит-арт мәдениетін дамытуға үлес қосып келе жатқан танымал шығармашылық бірлестіктердің бірі Repas өкілдері, оның ішінде суретші DMN бар.
Repas командасы Алматыда 2007 жылы құрылған. 2027 жылы бірлестік өзінің шығармашылық тарихының 20 жылдығын атап өтеді. Осы уақыт ішінде ол граффити суретшілерінің тобынан граффити, стрит-арт және басқа да визуалды бағыттарды тоғыстыратын ауқымды шығармашылық қауымдастыққа айналды.
Repas өкілдерінің фестивальге қатысуы Алматы үшін айрықша мәнге ие. Бірлестік суретшілері көптеген жылдар бойы қалалық ортада туындылар жасап, жергілікті стрит-арт мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына атсалысып келеді. Олардың қатарында Алматы мен Қазақстанның өзге де қалаларындағы ауқымды жұмыстар, сондай-ақ музыка мен сән салаларын тоғыстыратын халықаралық жобалар бар.
«Граффити — тікелей қалалық ортада өмір сүріп, адаммен дәл осы жерде және дәл қазір байланысқа түсетін өнер. Біз үшін оның осы тірі табиғатын сақтау маңызды. Көрермен суретшінің жұмыс барысын көріп, туындының дүниеге келу сәтін бақылап, сонымен қатар қаланың арт-ортасының бір бөлігіне айнала алады», — дейді жобаға қатысушы DMN (Repas командасы).
Фестивальге жергілікті «Неоновый Шаман» командасы да қатысады. Ұжым Алматы Арбатындағы барыс бейнесімен танымал.
Фестивальдің халықаралық бағдарламасына әртүрлі қалалардан арнайы шақырылған суретшілер қатысады:
• Fanakapan (Лондон) — 3D-эффектілер мен көлемді бейнелердің шебері;
• 310 (Мәскеу) — стрит-арт пен поп-артты ұштастыратын суретші;
• Kontra Taktak (Минск) — шрифтік және графикалық композициялар маманы.
Шетелдік суретшілердің кейбірі Алматыға бұрыннан таныс. Бүгінде қала ғимараттарының қасбеттерінен Мәскеу, Минск және Лондон суретшілерінің жұмыстарын кездестіруге болады. Алайда алдағы уақытта кейбір нысандардың жаңартылып, қасбеттерінің қапталуына байланысты бұл туындылардың бір бөлігі бастапқы қалпында сақталмауы мүмкін.
Фестиваль осы шығармашылық тарихтың жалғасы ретінде ұйымдастырылып отыр. Суретшілер Алматыға қайта жиналып, қалалық орта үшін арнайы жаңа туындылар жасайды.
Фестиваль экспозициясы жалпы аумағы 350 шаршы метрден асатын тұтас арт-ансамбль форматында ұсынылады. Кеңістікте жеке және бірлескен жұмыстар өзара үйлесім табады.
Шетелдік суретшілер арнайы бөлінген қабырғаларда жеке жобаларын жүзеге асырса, қазақстандық авторлар орталық мурал жасау үшін бірігеді.
Алматының басты символдарының бірі қар барысы жеке және ұжымдық туындыларды біріктіретін ортақ визуалды кодқа айналады. Ол қазақстандық өнер мен халықаралық көше мәдениетінің өзара ықпалдастығын бейнелейді.
Іс-шара барысында Алматы тұрғындары мен қонақтары туындылардың жасалу процесін тікелей тамашалап, суретшілермен танысып, Есентай өзенінің бойындағы қолданыстағы граффити галереясының жаңа жұмыстармен қалай толықтырылатынын көре алады.
Ұйымдастырушылар фестивальді заманауи стрит-арт пен граффити мәдениетін кең аудиторияға таныстыратын ашық қалалық жоба ретінде қарастырады. Жоба өнердің қалалық ортаның ажырамас бөлігіне айнала алатынын көрсетуге бағытталған.
Фестивальдің негізгі бағдарламасы аяқталғаннан кейін заманауи арт және граффити сахнасының мамандары мен өкілдерінің қатысуымен жабық бейресми public talk ұйымдастырылады.
Кездесу барысында қалалық мәдениетті дамыту, заманауи граффити, өнер мен қалалық ортаның өзара байланысы, сондай-ақ жергілікті суретшілердің Алматының визуалды бейнесін қалыптастырудағы рөлі талқыланады.



