Эвакуация кезіндегі білім: Теңіздегі балалар қалай сабақтарын онлайн жалғастырып жатыр?
6 сәуірден бері Теңіз кен орнының вахталық қалашықтарына 3 мыңнан астам бала эвакуацияланды, олардың көпшілігі — мектеп оқушылары. Ыңғайлы өмір сүруді және қашықтан оқытуды жалғастыруды қамтамасыз ету үшін қалашықтарға иелік ететін мердігер компаниялар эвакуацияланғандарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етті. Бұл балаларға осындай қиын-қыстау кезеңде үзбей білім алуға мүмкіндік беретін маңызды әрі жауапкершілігі мол қадам.
Құлсары қаласының тұрғыны Назым Қалдыбекова балаларымен бірге Теңізге 6 сәуірде эвакуацияланды. Ол алғашында балаларының оқу жүйесінен қалып қояды деп алаңдағанын жасырмайды. Енді Назымда оқуға қатысты уайым жоқ, себебі балалары зор ықыласпен білім алуда.
— Балалар таңғы астан кейін үстелге жайғасып, сабақ оқуға кіріседі. Жақсы интернет байланысының арқасында білім алуға мүмкіндік бар және олар оқу бағдарламасын оңай меңгеру үшін кез келген сайтты пайдалана алады, — дейді Назым Қалдыбекова.
Көпбалалы Қырмызы Жұмағали 7 сәуірде эвакуацияланған. Қазір бес баласының үшеуі онлайн білім алып жатыр.
– Балаларыма барлық жағдай жасалған, тіпті кеңсе тауарларымен де қамтамасыз етілді. Үстелдер де балаларға ыңғайлы жабдықталған. Менің ойымша, бұл балаларға қиын жағдайларға қарамастан оқуын жалғастыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам деп ойлаймын, — дейді көпбалалы ана.
Құлсары қаласындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Кәусар Қыдырғали сыныптастарын сағынып жүр:
— Маған бұл жер ұнайды. Мен онлайн оқуды жалғастыра отырып, өзімді мектепте жүргендей сезінемін. Біз дәмді тамақтанамыз, сабақ оқимыз. Бос уақытымызда достарымызбен серуендейміз, – дейді Кәусар.
«Аспар Қашаған» ЖШС жатақханаларында 200-ден астам бала тұрады. Олардың көбі мектеп оқушылары және қазіргі жағдайға байланысты қашықтан білім алуда.
– Біз олардың кедергісіз білім алулары үшін қажетті жағдайларды жасап, барлық қолдауды көрсетеміз. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін еріктілердің көмегімен компания аумағында ойын-сауық шараларын ұйымдастырамыз. Бұл балаларға қауіпсіздік пен жайлылықты сақтай отырып, ойындар ойнап, көңіл көтеруге мүмкіндік береді, — дейді «Аспар Қашаған» ЖШС өндірістік менеджері Салтанат Сүлейменова.