Қазақстандағы АҚШ Дипломатиялық миссиясы мен “Шеврон” “Makerspace Expands!” бағдарламасы бойынша Өзара түсіністік туралы меморандумның мерзімін ұзартты

Алматыда АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Дэниел Розенблюм мен «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесінің Басқарушы директоры Дерек Магнесс АҚШ Дипломатиялық миссиясы мен Chevron арасындағы «Мейкерспейс кеңейеді!» бағдарламасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумды ұзарту рәсіміне қол қойды.

Бұл бағдарлама жыл сайын мыңдаған қазақстандық жастар үшін Мейкерспейс желісі арқылы ғылым, технология, инженерия, өнер және математика саласындағы (STEAM) білім беру мен оқу ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Мейкерспейс желісі — бүкіл Қазақстан бойынша идеялар жасау, зерттеу және бөлісу арқылы үйренетін көпшілікке арналған бірлескен жұмыс кеңістігі. Осы желіге қазіргі уақытта Алматы, Астана, Ақтөбе, Өскемен, Орал және Павлодардағы алты Мейкерспейс орталықтары кіреді.

«Мейкерспейс Кеңейеді!» бағдарламасы 2020 жылдан бастау алады, содан бері толық жабдықталған үш Мейкерспейстер ашылды, және тағы үшеуі жаңартылды. Мейкерспейстер жыл сайын мыңдаған жас қазақстандықтарға пайдалы болып, заманауи жоғары технологиялық жабдықтарына, сарапшылар басқаратын курстарына және тегін тәлімгерлігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өткен жылдың өзінде 16 000-ға жуық жас қазақстандықтар «Мейкерспейс кеңейеді!» мүмкіндігін пайдаланды. Өзара түсіністік туралы меморандумды ұзартуға қол қою тараптардың Мейкерспейс санын және олардың бүкіл ел бойынша қамтылуын кемінде тағы үш жылға ұлғайту деген ниетін білдіреді.

Сонымен қатар, бұл рәсім АҚШ Дипломатиялық миссиясы мен «Шеврон» компаниясы арасындағы Қазақстандағы адами капиталды дамытуға бірлескен инвестиция салудағы серіктестіктің маңызды кезеңі болады. Бұл бірлескен инвестиция «Мейкерспейс кеңейеді!» бағдарламасы бойынша бүгінгі таңда 900 000 АҚШ долларын құрайды.

«Серіктестігіміздің мақсаты – жастарды бүгінгі таңда әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін қажетті білім мен дағдылармен, және оларға жоғары технологиялық ресурстарға, инновациялық бағдарламаларға, пікірлес адамдарға, өміршең іскерлік байланыстарға және жігерлендіруші тәлімгерлерге қол жеткізу мүмкіндігімен қамтамасыз ету», — деді АҚШ елшісі шарада сөйлеген сөзінде.

Мейкерспейс бағдарламалау, робототехника, 3D модельдеу, визуалды мазмұнды жасау және т.б. саладағы сұранысқа ие қолданбалы дағдылар дамыту үшін тұрақты курстар мен семинарлар ұсынады. Мейкерспейс орта және жоғары оқу орындарының студенттерін, біліктілігін арттырғысы, білім және мансаптық мүмкіндіктерін жақсартқысы, пікірлес адамдар қауымдастығына қосылғысы келетін жас мамандарын тартады. «Мейкерспейс Кеңейеді!» бағдарламасы техникалық дағдыларды дамытумен ғана шектелмейді. Ол серіктестер желісі басқаратын жобалар арқылы креативті пікірді қолдауға және Қазақстандағы креативті индустрияны нығайтуға да бағытталған.

Аталмыш шарада Алматыдағы Ғабиден Мұстафин атындағы №191 орта мектебінің оқушысы, 15 жастағы Жанель Мамакан өз платформасын таныстырды.

«Менің ойлап тапқан жобам шетелде білім алуды жоспарлап отырған өзім секілді оқушыларға арналған. Қазіргі таңда мен инстаграмда «Paraq Media» атты парақшамды ашып, жастарды мазалайтын сұрақтарға жауап беруді көздеп отырмын. Біз оқушыларға керекті ақпаратпен бөлісе отырып, олардың ой-өрісін кеңейтуге ат салысамыз. Бұл идея үлкен қажеттіліктен туындады. Себебі, мен өзім де көп ізденісте болдым, содан кейін өзім секілді білім қуған құрдастарымның басын қосқым келді. Көптеген идеялар осы алаңда да пайда болды. Жол сілтеген тәлімгерлеріме көп рахмет!», — дейді Жанель.

Дерек Магнесс «АҚШ Дипломатиялық миссиясымен серіктестігіміз біздің Қазақстандағы ең басты бағдарламаларымыздың бірі. Біз оның нәтижелерін мақтан тұтамыз: 2015 жылдан бері мыңдаған қатысушы біздің робототехника, АТ, бейне шығару, сыни ойлау курстарымызға, чемпионаттарымызға, хакатондарымызға және семинарларымызға қатысты. Олардың көпшілігі STEAM саласын өздерінің мансап жолдары ретінде таңдап алды.  Біз АҚШ Дипломатиялық миссиясымен ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға, жаңа MakerSpace кеңістіктерін бүкіл елде ашуға және көптеген жастарға STEAM саласында білім алуға, мансаптық мүмкіндіктерін арттыруға және Қазақстанға пайда әкелуіне барымызды саламыз”, деп өз ойын білдірді.