Жазғы Азия ойындарының жаңалықтары

ҚР ТСМ Баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, Азия ойындарында 25 қыркүйекте өткен жарыстарда Қазақстан құрама қоржыны үш қола медальмен толықты.

Дзюдо:

🥉Дзюдодан 81 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жұбаназар мен 63 келіде сынға түскен Эсмигүл Куюлова Азия ойындарының қола жүлдегерлері атанды.

Бұл Қазақстан құрамасының осы Азиададағы дзюдо бойынша үшінші медалі. Кеше 48-ге дейінгі салмақтағы күмісті Абиба Абужақынова жеңіп алды, ал Мағжан Шамшадин 60 келіге дейінгі салмақта қола медаль жеңіп алды.

«Жеңіс оңай берілмейді, бірақ бүгін Эсмигүл жеңіске деген құлшынысын көрсетті. Оның алда үлкен жеңістер күтіп тұрғанына күмәнім жоқ», — деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Спорттық ату:

🥉 Оқ атудан 25 метрге жылдам атылатын тапаншамен сайыс финалында Никита Чирюкин қола медаль жеңіп алды.

«Никита — көптеген беделді жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері.  Бүгін де ол биіктен көрінді. Бәсекелестік қиын болғанына қарамастан ол өзінің шеберлігін көрсетті. Никитаны, оның командаластары мен жаттықтырушыларын осы жүлдемен құттықтаймын»,— деді Ермек Маржықпаев.

Бокс:

Сәкен Бибосынов пен Наталья Богданова Азия ойындарын сенімді жеңіспен бастады.

Су добы:

Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы бірінші ойында Сингапур командасын 12:6 есебімен ұтты.

Шахмат:

Шахматтан 3-ші және 4-ші раунд ойындары өтті.

Жекелей сында Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік 2 жеңіске жетті.

Ал ерлер бәсекесінде Ринат Жұмабаев бір матчта жеңіске жетті, ал Қазбек Нөгербек бір рет тең ойнады.

Теннис:

Үлкен теннистен Гозаль Айнитдинова/Жібек Құламбаева жұбы алғашқы раундта қатарлық Сафия Эл-Зани/Шайха Халифаны 6:0, 6:0 есебімен ұтты.

Дәл осындай есеппен Денис Евсеев те жекелей сында екінші айналымда Шығыс Тимор спортшысын жеңді.

Аралас сында Жібек Құламбаева мен Григорий Ломакин Оңтүстік Кореядан келген қарсыластарын 7:6, 7:5 есебімен жеңіп, жарыстың үшінші кезеңіне өтті.

Жағажай волейболы:

Ерлер арасындағы жағажай волейболынан Қазақстан командасы жартылай финалға өтті.

Гандбол:

Қазақстандық гандболшылар 31:27 есебімен Өзбекстан командасын жеңді.

У-шу:

Аширов Абдусамат пәкістандық М.Рехманды айқын басымдылықпен жеңіп, келесі кезеңге шықты.